Басты жаңалық

Бородулихада Достық үйі жаңарып, жаңа аллея абаттандырылды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өткен Достық үйі мен абаттандырылған аллеяның жұмысымен танысты.

Бородулиха ауылындағы Достық үйі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 6 қызметкер еңбек етіп, 4 үйірме мен клубқа 70 адам қатысады. Мекеме жанында 6 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған Ақсақалдар кеңестері, Аналар кеңестері, «Ассамблея жастары» ұйымы мен Волонтерлік қозғалыс орталығы қызмет атқарады.

Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, кабинеттерді жабдықтауға 38,4 млн теңге бөлінді. Жөндеу барысында терезелер, еден жабындары, баспалдақ қоршаулары мен электр қазандығы жаңартылды. Кіреберіс бөлігі кеңейтіліп, қабырғалар мен есіктер сырланды. Сонымен қатар музей экспозициясына арналған интерактивті үстел мен көше киіз үйі сатып алынды.

Берік Уәли жаңартылған ғимаратты аралау кезінде этномәдени бірлестіктердің жұмысына қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Достық үйі – түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосатын маңызды мекеме.

Аудан орталығындағы Школьная көшесінде орналасқан аллея да жаңартылды. Жобаның жалпы құны 51,7 млн теңгені құрады. Абаттандыру жұмыстары аясында брусчатка төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, тұрғындардың серуендеп, демалуына қолайлы жағдай жасалды.


Аллеяның ерекше нысаны – музыкалық сүйемелдеуі бар домбыра пішініндегі шағын сәулет композициясы. Ол қоғамдық кеңістіктің көркін арттырып қана қоймай, ұлттық мәдениетті дәріптеуге де бағытталған.

Аймақ басшысы елді мекендерді көркейту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button