Басты жаңалық

Абай облысында 14 инвестициялық жоба мақұлданды

Абай облысында жалпы сомасы 20,6 млрд теңгені құрайтын және 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 14 инвестициялық жоба мақұлданды.

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиында Семей қаласында бірқатар өндірістік, логистикалық, туристік және әлеуметтік нысандар салу жобалары қаралды. Олардың қатарында тәулігіне 250 тонна жемдік ұн өндіретін бидай мен арпаны қайта өңдеу зауыты, қойма кешендері, сауықтыру-санитарлық кешені, шағын өнеркәсіптік паркі бар көлік-логистикалық орталық, бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешені және күндізгі стационары бар заманауи көпсалалы емхана бар.

Сонымен қатар «Семей – Павлодар» автомобиль жолының бойында және Восточный кентінде жол бойы сервисі бар кемпингтер, Семейде заманауи сауықтыру кешенін салу жобалары ұсынылды.

Жаңасемей ауданында ірі қара мал өсіруге арналған мал шаруашылығы кешенін ұйымдастыру, жүгері мен кондитерлік күнбағыс өсіру, көкөніс, майлы және бұршақ дақылдарын өндіруге арналған суару жүйелерін сатып алу жобалары қаралды. Бесқарағай ауданында ағаштар мен көпжылдық дақылдарды өсіруге арналған тәлімбақ салу жобасы да ұсынылды.

Кеңес қорытындысында жалпы сомасы 20,6 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба мақұлданды. Жобаларды іске асыру 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде инвесторларды сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қабылданған міндеттемелердің уақытында орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының орнықты дамуы үшін ерекше маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету – қала және аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақытылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі тиіс. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде қажетті қолдау шараларының толық көрсетілуін қамтамасыз етуі қажет. Өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған барлық инвестициялық жобалар ерекше бақылауға алынып, қабылданған шешімдердің толық әрі уақтылы орындалуы қамтамасыз етілсін», – деді Берік Уәли.

Облысқа инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 жаңа жұмыс орны құрылды.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында құны 577,5 млрд теңгені құрайтын «Аягөз–Бақты» теміржол желісінің құрылысы, «Miryildiz KZ Ltd.» компаниясының 255 млрд теңгелік алтын өндіру фабрикасы, құны 560,5 млрд теңге болатын «Айдарлы» тау-кен байыту комбинаты, сондай-ақ Мақаншы ауданындағы «АА Агро Семей» ЖШС-нің 48,5 млрд теңгелік AI-агроэкожүйесін құру жобасы бар.

Бұдан бөлек, «Eurasia AgroSemey» ЖШС жалпы құны 7,7 млрд теңгені құрайтын ет өңдеу кешенінің құрылысын жоспарлап отыр. Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұл жобаларды іске асыру өңірдің өндірістік және агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button