Басты жаңалық

Абай ауданында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің ғылымды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен ұштастыру жөніндегі бастамалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жылдың 18 мамырында жас ғалымдармен өткен кездесуде аймақ басшысы өңірдің ғылыми әлеуетін күшейтуге бағытталған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» атты кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру аясында Абай ауданының Қарауыл ауылында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы ұйымдастырылды.

Маңызды жиынға Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, ғалымдар, Абай ауданы әкімдігінің өкілдері, ауданның шаруа қожалықтарының басшылары мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – өңірлік ғылым мен өндірістің байланысын күшейту, ғылыми зерттеулерді ауыл шаруашылығы мен экономиканың нақты секторына енгізу және өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыру.

Көшпелі отырыс аясында университеттің ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобаларын таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ауыл шаруашылығы, агротехнология, цифрландыру, инженерлік технологиялар және қолданбалы ғылым салаларындағы ғылыми әзірлемелер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар университеттің ғылыми зертханаларының жұмыстары, тәжірибелік жобалары мен өңір экономикасына енгізіліп жатқан ғылыми жаңалықтары таныстырылды.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов сөз сөйлеп, ғылым мен өндірісті ұштастырудың өңір үшін маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай кездесулердің ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізуге, жас ғалымдардың әлеуетін тиімді пайдалануға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жиын барысында Абай ауданы әкімдігі мен Шәкәрім университеті арасында өзара ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды меморандумға қол қойылды. Құжат аясында ғылыми зерттеулерді бірлесіп жүргізу, өндірістік тәжірибелер ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына ғылыми сүйемелдеу көрсету, инновациялық технологияларды енгізу және кадр даярлау бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылатын болады.

Көшпелі отырыс барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өңір ғылымы мен өндірісінің байланысын нығайтуға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, Абай ауданының әкіміне және бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларына арнайы марапаттар табыс етті.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – дарынды жастарды қолдау болды. Абай ауданы бойынша «Алтын белгіге» үміткер 15 мектеп түлегіне «Шәкәрім білім грантының» сертификаттары салтанатты түрде тапсырылды. Бұл бастама өңірдің талантты жастарына сапалы жоғары білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың туған өлкеде білім алып, кейін өңірдің дамуына үлес қосуына жағдай жасайды.

Айта кету керек, университет бірнеше жылдан бері үздік мектеп түлектеріне білім гранттарын ұсынып келеді. Егер 2024 жылы облыс бойынша 224 «Алтын белгі» үміткері осындай сертификатқа ие болса, 2025 жылы олардың саны 363-ке жеткен. Ал биыл бұл көрсеткіш тағы да артып, 434 түлекке арнайы сертификаттар табысталды. Бұл жастарды қолдау жұмыстарының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Ғылыми кеңестің көшпелі отырысында университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы мен интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай «Өңірлік ғылым: технологиялар, зерттеулер, даму» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасады. Олар өңірдегі ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, жаңа технологияларды өндіріске енгізу және университеттің инновациялық жобалары жөнінде кеңінен баяндады.

Сонымен қатар «Қасқабұлақ» ЖШС директоры Асқар Мұқатаев Австралияға жасаған іссапары барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Ол әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген заманауи агротехнологиялар, жайылымдарды тиімді пайдалану, мал шаруашылығын цифрландыру және өндіріс тиімділігін арттыру бағытындағы озық әдістер туралы айтып, оларды өңір жағдайына бейімдеу мүмкіндіктеріне тоқталды.

Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер де кеңінен талқыланды. Қатысушылар жер ресурстарын тиімді пайдалану, жайылымдардың жағдайын жақсарту, ғылыми негізделген агротехнологияларды енгізу, фермерлер мен ғылыми ұйымдардың ынтымақтастығын күшейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сапар барысында Шәкәрім университетінің ғалымдары мен мамандары Абай ауданының жайылымдық алқаптарында арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар топырақ сынамаларын алып, геодезиялық бақылау нүктелерін белгіледі. Бұл зерттеулер ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық көрсеткіштерін жан-жақты ғылыми тұрғыдан бағалауға, жердің құнарлылығын анықтауға және өңірдің цифрлық жер картасын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде осы ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізінде ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыру, жер ресурстарын тиімді басқару, өнімділікті арттыру және заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша нақты жобалар жүзеге асырылмақ.

Шәкәрім университеті бүгінде өңірдегі жетекші ғылыми-инновациялық орталықтардың бірі ретінде ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтып, экономиканың нақты секторымен тиімді ынтымақтастық орнату бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осындай көшпелі ғылыми кеңестер ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға, инновациялық жобаларды көбейтуге және Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button