Абай облысында 16 адамды интернет арқылы алдаған оралдық тұрғын сотталды

Абай облысында интернет арқылы пәтер жалдау туралы жалған хабарландырулар жариялап, 16 адамды алдаған 22 жастағы Орал қаласының тұрғыны сотталды.
Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті интернет-платформаларда пәтерлерді тәуліктік жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырған. Ол ашық дереккөздерден алынған жылжымайтын мүлік нысандарының фотосуреттерін пайдаланып, баспана іздеген азаматтарға жалға алу шарттарын ұсынған.
Алаяқ жәбірленушілерден бір тәулікке жалға алу құны мөлшерінде алдын ала төлем талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін олармен байланысын үзіп, телефон нөмірлерін бұғаттаған. Қаражатты қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін үшінші тұлғалардың банк шоттары пайдаланылған.
Тергеу барысында Қазақстанның түрлі қалаларынан пәтер жалдамақ болған азаматтарға қатысты алаяқтықтың 16 дерегі анықталды.
Сот айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу мәселесін шешті.
Еске салайық, бұған дейін Астанада балабақшадан орын алып беруге уәде етіп, азаматтарды алдаған алаяқ 4 жылға сотталғаны хабарланған.



