Заң

Конституцияның 40-бабы: тарихи мұра – ұрпаққа аманат

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 40-бабында азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екені жазылған. Бұл норма ұлттық құндылықтарды қорғаудың және келер ұрпаққа жеткізудің маңызын айқындайды.

Ата Заңда бекітілген бұл міндет Абай облысы үшін айрықша мәнге ие. Себебі өңір – қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі орталықтарының бірі. Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи орындар аймақтың мәдени келбетін қалыптастырады.

Соның бірі – Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы. 1940 жылы негізі қаланған музей бүгінде Семей қаласы мен Абай облысының бірнеше ауданындағы 8 музейді біріктіріп отыр. Қорында 21 мыңнан астам жәдігер, ғылыми кітапханасында 16 мыңнан астам басылым сақталған. Бұл – өңірдің ғана емес, тұтас қазақ халқының рухани қазынасы.

Сонымен қатар Жидебайдағы Абайдың музей-үйі, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйі, Семейдегі «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейі де тарихи сабақтастықты сақтауда маңызды орын алады. Бұл нысандар өткен дәуірдің тынысын танытып қана қоймай, жас ұрпақтың туған тарихына деген қызығушылығын арттырады.

Тарихи мұраны сақтау тек музейлер мен мәдени мекемелердің міндеті емес. Ол – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тарихи орындарға құрметпен қарау, ұлттық құндылықтарды танып-білу және оларды келешек ұрпаққа жеткізу – елдіктің белгісі.

Конституцияның 40-бабы осы жауапкершілікті заң деңгейінде бекітеді. Ал Абай облысының бай тарихи-мәдени мұрасы бұл міндеттің өңір өміріндегі маңызын айқын көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button