Заң

«Тұрмыс» іс-шарасы: отбасы қауіпсіздігі басты назарда

Абай облысы аумағында 15–22 ақпан аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның негізгі мақсаты – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын қорғау және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар алкоголь өнімдерін заңсыз сату, 21 жасқа толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін өткізу, сондай-ақ қорғау нұсқамалары мен есепте тұрған тұлғаларға қойылған шектеулерді бұзу фактілеріне ерекше назар аударылуда.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша есепте тұрған 207 адам тексеріліп, 15 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы әрекет жасаған 17 адам анықталды.

Сонымен бірге түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жүрген 12 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде жүру, сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзу деректерінің жолын кесу жұмыстары да жалғасуда.

Мамандардың айтуынша, «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, олардың алдын алуға, отбасыдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған.

Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті бұзбауға және балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button