Абай облысында суармалы жер көлемі артады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы егіншілікті дамыту және ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру міндеттеріне басымдық берді. Бұл бағыт Абай облысы үшін де маңызды.
Өңірде қазіргі уақытта 113,4 мың гектар суармалы жер бар. Оның 32,9 мың гектары ғана пайдаланылып келеді. Қалған 80,5 мың гектарды кезең-кезеңімен ауыл шаруашылығы айналымына қайтару көзделген.
Суармалы алқаптардың басым бөлігі Үржар, Жарма, Бесқарағай, Ақсуат және Жаңасемей аудандарында орналасқан. Биыл су үнемдеу технологияларын енгізілген алқап көлемін 35 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері 30,6 мың гектарға енгізілген.
Сонымен қатар облыста су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өңірде 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 551,2 шақырым болатын 41 магистральдық канал бар. Ақсуат ауданындағы Қарғыба су торабының жаңғыртылуы 5 822 гектар жерді суаруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту да жалғасуда. Мәселен, Мақаншы ауданында «Harvest Agro Holding» компаниясы 34 млрд теңгелік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында жер асты суларын пайдаланып, су үнемдеу технологиялары арқылы жайылым және тыңайған жерлерді кезең-кезеңімен суармалы алқаптарға айналдыру көзделген. Сонымен қатар қайта өңдеу зауытын салу ұсынылған.
Жалпы, суару жүйелерін жаңғырту, пайдаланылмай жатқан алқаптарды айналымға қайтару және заманауи технологияларды енгізу өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.



