«Аягөз – Бақты» теміржолы: өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті қалай артады?

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру – Мемлекет басшысының 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі. Президент елдің транзиттік мүмкіндігін тиімді пайдаланып, халықаралық жүк тасымалындағы рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Бұл міндет Абай облысы үшін де маңызды. Өңір аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы.
Жобаның жалпы құны 577,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа теміржол желісі Қазақстанның шығысындағы көлік қатынасын дамытуға, Қытаймен сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге және жүк тасымалының жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Жолдауда Президент Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық рөлін күшейту мәселесіне тоқталды. Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының едәуір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетінін атап өтіп, еліміздің халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырудағы әлеуетін арттыру міндетін қойды.
Осы тұрғыдан алғанда, «Аягөз – Бақты» теміржол желісі өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал ететін маңызды жобалардың бірі саналады.
Инфрақұрылымның дамуы тек жүк тасымалымен шектелмейді. Ол логистика, сауда, қызмет көрсету салаларының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді.
Абай облысы үшін бұл – географиялық орналасу артықшылығын экономикалық мүмкіндікке айналдырудың маңызды қадамы.



