Семейде 400 орындық «Білім-Инновация» лицейінің құрылысы басталды

Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында дарынды балаларға арналған жаңа облыстық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің іргетасы қаланды. Жоба аясында 400 оқушыға арналған мектеп пен 300 орындық жатақхана салынады.
Іргетас қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қатысты.
Аймақ басшысы жаңа білім ордасы өңірдегі дарынды балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі лицей орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда қыз балаларға арналған мамандандырылған лицей ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жобаның жалпы құны – 6,8 млрд теңге. 4,7 гектар аумақта орналасатын үш қабатты ғимаратта математика, физика, химия, биология, информатика және робототехника кабинеттері, зертханалар мен IT сыныптары болады. Сонымен қатар спорт залы, кітапхана, асхана, мәжіліс залы және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған.
Салтанатты рәсімде ардагер ұстаз Кенжехан Накишев жаңа ғимарат құрылысының басталуына қуанышын білдірді. Оның айтуынша, Семейдегі «Білім-Инновация» лицейі 1994 жылы ашылып, содан бері талай дарынды шәкірт тәрбиелеген.
Қазіргі уақытта лицей 1981 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Жобалық қуаттылығы 140 орын болғанымен, онда 224 оқушы білім алып жүр. Оқушылар санының артуы жаңа ғимарат қажеттілігін туындатқан.
Айта кетейік, бүгінде Абай облысындағы 304 мемлекеттік мектепте 100 мыңға жуық оқушы білім алады. Өңірде мектеп орындарының тапшылығы 6,3 мыңды құрайды. Оның 4,3 мыңы Семей қаласына тиесілі.
Осы мәселені шешу мақсатында облыста «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында бес жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Семейдің Қарағайлы шағын ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясы аясында Астана қаласы Семейде 1500 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр.



