Әлеумет

Әлеуметтік сала үздіктері марапатталды

Семейде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Мерекелік шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, әлеуметтік қолдау бағытында еңбек етіп жүрген қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде әлеуметтік сала мамандарының қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды. Оның айтуынша, қарттарға, отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілік пен жанашырлықты талап етеді.

Сондай-ақ өңірде әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Салтанатты жиында бірқатар маманға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, сондай-ақ «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған байқау қорытындысы бойынша сала үздіктері түрлі номинациялармен марапатталды. Олардың қатарында «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері», «Алтын жүрек», «Шексіз қамқорлық», «Кәсіби сенімділік», «Болашағынан үміт күттіретін маман» және «Үздік команда» номинациялары бар.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бірнеше ұйымға жаңа көліктердің кілті тапсырылды.

Атап айтқанда, №2 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына «ГАЗ-322173 NEXT» маркалы автокөлігі, Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына «ПАЗ-320415-04» автобусы, №1 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына «Daewoo BH 120 F GDW» автобусы берілді. Ал Абай облысының мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығы «Dongfeng BWC3180GLV» арнайы техникасына ие болды.

Жаңа көліктер әлеуметтік қызмет алушыларға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып, мекемелер жұмысының тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button