Абай облысында 19 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр

Абай облысында спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қазір өңірде 19 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал жыл басынан бері облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1262 медаль жеңіп алған.
Абай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір тұрғындарын спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету көрсеткіші 53 пайызды құраған. Ал дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысатын тұрғындардың үлесі – 42 пайыз. Бұл 238 895 адамға тең. 2026 жылы аталған көрсеткішті 44 пайызға, яғни 249 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта облыста 19 спорт нысаны салынып жатыр. Олардың қатарында Абай, Аягөз, Бесқарағай, Жарма аудандары мен Курчатов қаласындағы спорт кешендері, модульдер, бассейндер және стадиондар бар.
Сонымен қатар Семей қаласында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. «Абайға құрмет» акциясы аясында жекпе-жек сарайы, үстел теннисі орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инклюзивті спорт сарайы мен стадион салу көзделген. Бұдан бөлек, Freedom Holding компаниясының қолдауымен жабық футбол манежінің құрылысы жүргізілуде.
Биыл Семей қаласының Бобровка және Водный кенттерінде спорт кешендері, Ақсуат ауданының Екпін және Ойшілік ауылдарында спорт модульдері пайдалануға берілді. Сондай-ақ Семейдің Ұшақтар ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Аягөз ауданының Қопа ауылында модульдік спорт залы ашылды.
Спортшылар 1262 медаль иеленді
Өңірде жоғары жетістіктер спортын дамыту бағытында да оң динамика байқалады. 2026 жылы Абай облысынан Қазақстан ұлттық құрамасына 458 спортшы енген. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 286 спортшы болған.
Жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда 1262 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 589 медаль республикалық жарыстарда, 481 медаль Қазақстан чемпионаттарында және 167 медаль халықаралық додаларда иеленген.
Азия чемпионаттары мен кубоктарында спортшылар 23 алтын, 28 күміс және 27 қола медаль еншілесе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 10 алтын, 10 күміс және 10 қола жүлдеге қол жеткізген.
Жапонияның Нагоя қаласында өткен Азия ойындарында дзюдошы Ажар Асхат 70 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Ерасыл Қажыбаев пен Ажар Асхат командалық жарыста күміс медаль иеленді.
Ал спорттық гимнастикадан Қытайда өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Ульяна Пухова мен Саида Қасымжанова Қазақстан құрамасы сапында командалық есепте қола жүлдегер атанды. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында 28 жылдан кейін алғаш рет командалық есепте жүлдеге қол жеткізді.
Жаттықтырушыларға қосымша ақы төленеді
Бүгінде облыстағы 26 спорт мекемесінде 15 783 спортшы жаттығады. Оның 14 422-сі – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері. Спортшыларды 762 жаттықтырушы даярлайды.
Биылдан бастап жергілікті бюджет есебінен жаттықтырушыларға лауазымдық жалақысының 30 пайызы мөлшерінде қосымша ақы төленіп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша тестілеуден өткен 233 жаттықтырушы үстемеақы алуда.
Сонымен қатар Қазақстан чемпионаттары, Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орын алған 162 спортшы мен 18 жаттықтырушыға ай сайын ақшалай төлем жүргізіледі. Осы мақсатқа бөлінетін қаржы көлемі 2025 жылғы 174 миллион теңгеден 2026 жылы 362 миллион теңгеге дейін ұлғайған.
Өңірде спорт саласын цифрландыру жұмыстары да қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Абай облысында «E-Sport» платформасын пилоттық режимде іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жоба спорт ұйымдарының қызметін автоматтандыруға, спортшылар туралы мәліметтерді жүйелеуге және саланы басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.



