Мәдениет

Қос алыпқа арналған рухани кеш

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл және белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың 75 жылдығына орай «Өшпейтін өлең, өлмейтін өнер» атты еске алу кеші өтті. Тағылымды шараға әдебиет пен өнерді қадір тұтатын зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, жастар мен қала тұрғындары қатысты.

Кеш барысында қос өнер тұлғасының шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, олардың қазақ руханиятындағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы сөз болды. Қатысушылар поэзия мен ән өнерінің халық жадында мәңгі сақталатынын атап, ұлттық өнерді кейінгі буынға жеткізу – бүгінгі буынның міндеті екенін айтты.


Іс-шарада Мұқағали Мақатаевтың жүрекке жетер лирикалық өлеңдері оқылып, Тұрсынғазы Рахимовтың әндері шырқалды. Көрермен ақын жырлары мен сазгер туындыларының үндестігін ерекше ықыласпен қабылдады.

Кештің негізгі өзегі – қос тұлғаның шығармашылық байланысын көрсету болды. Тұрсынғазы Рахимов ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне ән жазып, поэзияға жаңа тыныс берген. Ақынның сыршыл жырлары сазгердің әуенімен үндесіп, халық жүрегінде жол тапты. Осылайша, сөз бен саз тоғысып, қазақ өнерінде өлмес мұраға айналды.

Кеш барысында өнерпаздар қос тұлғаға арналған естеліктерімен бөлісіп, олардың шығармашылығының бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Шара соңында көрермен өнер иелеріне қошемет көрсетіп, рухани кештен ерекше әсер алғандарын жеткізді.

Мұқағали жыры мен Тұрсынғазы әуені халық жадында мәңгі жаңғыратын рухани қазына. Осындай тағылымды кештер ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button