Мәдениет

Абай облысында театр жүйелі дамып келеді

27 наурыз – Халықаралық театр күні аясында Абай облысында ауқымды мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл күн өңірдің театр өнерін дамытуға бағытталған нақты бастамаларымен ерекшеленуде.

Мереке қарсаңында Абай облысы әкімінің қолдауымен Жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы ұйымдастырылды. Кеңес құрамына елімізге танымал өнер қайраткерлері енді. Олардың қатарында Тұңғышбай Жаманқұлов, Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс, Гүлмира Жакилина, Әсет Иманғалиев бар.

Кеңес отырысында өңірдегі театр өнерінің даму бағыттары, репертуар саясатын жетілдіру, сахна мәдениетін арттыру және жас мамандарды қолдау мәселелері талқыланды.

Жиын барысында сөз сөйлеген Тұңғышбай Жаманқұлов:

«Театрға келу – ұлттың мемлекеттілігі мен мәдени деңгейінің көрсеткіші. Көрерменнің ықыласына сай, жоғары деңгейдегі қойылымдарды сахналау – басты міндет», – деді.


Іс-шара аясында өткен баспасөз конференциясында өңірде жаңа театр салу мәселесі де көтерілді. Бұл жөнінде Нартай Сауданбекұлы:

«Жаңа театр салу мәселесі өзекті. Бұл бағыттағы барлық ұсыныстар бұйырса Жоғары көркемдік кеңесте жан-жақты талқыланып, сарапталады», – деді.


Осы ретте, көтерілген бастамалар мен ұсыныстар мәдениет саласын жаңа деңгейге шығаруға бағытталған жүйелі жұмыстардың негізін қалыптастырады. Жалпы, Халықаралық театр күні аясындағы бұл бастамалар Абай облысында мәдениет саласын кешенді дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button