«Жәрдем» баспаханасына 115 жыл

«Жәрдем» баспаханасының 115 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара ХХ ғасырда құрылған қазақ жеріндегі тұңғыш ұлттық баспаға арналды. Жиын Жидебай-Бөрілі мемлекеттік музей-қорығында ұйымдастырылды. Басқосу «Жәрдем» баспасы: Алаш идеясы және жаңа дәуірдің оқу мәдениеті» тақырыбына арналды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ баспаханалары өте аз болды. Сол себепті қазақ зиялыларының алғашқы еңбектері көбіне Петербор, Қазан, Орынбор, Троицк, Уфа қалаларында және Стамбулда басылып шыққан.
«Жәрдем» баспаханасында Шәкерім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр» еңбектері, жазушы-драматург Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» кітабы жарық көрді.
1917 жылдан бастап «Сарыарқа» газеті осы баспаханада басылды. Мұнда Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Имам Әлімбеков, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев сияқты қаламгерлер еңбек етті. Ал Семейдің белгілі кәсіпкерлері Қаражан Үкібаев пен Әбдірахман Жүсіпов баспаханаға қолдау көрсетті.
Конференцияда қатысушылар «Жәрдем» баспаханасының тарихы мен маңызы туралы ой бөлісті. Жиын қазақ баспа ісінің қалыптасу жолын кеңінен танытуға арналды.



