Қазақмыс Аягөзге қаржы бөлді

Аягөз ауданында әлеуметтік жобалар кезең-кезеңімен іске асады. Бастамаларды «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырады.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли компания өкілдерімен кездесті. Кездесуге Әлібек Мұқатаев пен Медет Дүйсембаев қатысты. Тараптар өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.

Бұған дейін аудан әкімдігі мен «Қазақмыс» арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Құжат тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Меморандум аясында биыл жалпы құны шамамен 200 млн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асады. Қорық ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді. Балалар ойын алаңы салынады.
Сонымен қатар Аягөз қаласында Ақтамберді жыраудың 350 жылдығына орай ипподром салу жоспарланған. Бұл нысан өңірдің мәдени және туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Аймақ басшысы жобалар аудан дамуына серпін беретінін атап өтті. Компанияға әлеуметтік жауапкершілік аясындағы қолдауы үшін алғыс білдірілді.



