«Шүлбі ГЭС» ұжымы Конституциялық өзгерістерді қолдайды

Абай облысындағы «Шүлбі ГЭС» ЖШС ұжымы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдум аясында ұсынылатын Конституциялық түзетулерді қолдайтынын мәлімдеді.
Кездесу барысында өзгерістердің негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту, Президент өкілеттігін бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектеу, сондай-ақ Конституциялық Соттың рөлін арттыру мәселелері қозғалды.

Өңірлік коалиция мүшесі Еркен Сағандықов ұсынылып отырған өзгерістердің институционалдық маңызына тоқталып, олардың басқару жүйесін тұрақты қағидаттарға негіздеуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл түзетулер мемлекеттік институттардың өзара жауапкершілігін күшейтіп, шешім қабылдау үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді.

Ал Ермек Әбілмәжінов Конституциялық реформалардың елдегі басқару тиімділігін арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар, бұл өзгерістер құқықтық жүйенің беріктігін қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
Кездесу барысында станция қызметкерлері ұсынылған түзетулерге қатысты пікір білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді. Ұжым өкілдері елдің құқықтық негізін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтындарын атап өтті.



