Тоқаев: Тамызда Құрылтай сайлауы өтеді

Ақордада өткен ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды саяси бастама туралы мәлімдеді.
Президент Конституция күшіне енгеннен кейін бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоятынын айтты. Оның сөзінше, сайлау биыл тамыз айында өтеді.
– Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру маңызды деп санаймын. Сондықтан бұл шешімді қазір жариялап отырмын. Партиялар сайлау науқанына дайындалып, өз жоспарларын айқындауы үшін жеткілікті уақыт болуы керек, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, бұл қадам партияларға сайлаушылармен жүйелі жұмыс жүргізуге шамамен бес ай уақыт береді.
Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға жол ашатынын атап өтті. Оның пікірінше, жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғам санасының оң өзгеруіне ықпал етуі тиіс.
Президент бұл бастаманың маңызы туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқанын еске салды.



