Басты жаңалық

Абай елінде өнердің өрісі кеңейді

Мәдениет — ұлттың жадын сақтайтын, рухын биіктететін ең қуатты құндылықтардың бірі. Рухани тамырын жоғалтпаған елдің еңсесі де биік, келешегі де кемел. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәдениет және өнер қызметкерлерімен кездесуде айтқан пікірі де осы ұстанымды айқындай түсті.

— Мәдениет халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігін арқау етеді. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болады, — деген Президент сөзі биылғы мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.

Биыл Мәдениет және өнер қызметкерлері күні Абай облысында кең көлемде аталып өтті. Семей қаласында ұйымдастырылған салтанатты шаралар өңірдегі руханиятқа деген жанашырлық пен мәдениет саласына көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты көрінісіне айналды.

Мерекелік жиынға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли Абай өңірінің қазақ руханиятындағы орны бөлек екенін атап өтті.

— Абай елі — ұлт руханиятының алтын бесігі. Бұл өңірде қазақтың сөз өнері мен саз өнерінің терең ізі жатыр. Дулат пен Ақтамбердінің жыраулық дәстүрі хакім Абайдың кемеңгерлігімен кемелденіп, Шәкәрім мен Мұхтардың мұрасымен жалғасты. Әміренің үні әлемді таңғалдырған қасиетті топырақта Бибігүл мен Розаның өнері өрледі, — деді аймақ басшысы.

Шынында, Дулат Бабатайұлы мен Ақтамберді жыраудан бастау алған рухани сабақтастық Абай Құнанбайұлы арқылы жаңа биікке көтеріліп, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовтің мұрасымен ұлт санасына терең сіңді. Ал Әміре Қашаубаевтің ғажайып дауысы қазақ өнерін дүниежүзіне танытса, Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева сынды сахна саңлақтары ұлттық өнердің мерейін асқақтатты.

Мәдениет күні аясындағы басты шаралардың бірі — «РУХАНИЯТ – 2026» сыйлығын табыстау рәсімі болды. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған жоба мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби жетістігін дәріптеуге бағытталған.

Биыл сала үздіктері 20 аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында «Сахна саңлағы», «Жылдың үздік режиссері», «Үздік музыкалық ұжым», «Ұлт үні», «Домбыра үні», «Кітап рухы», «Қауырсын қалам», «Жылдың жаңа есімі» сынды аталымдар бар. Бұл — тек марапат емес, мәдениетке адал қызмет еткен мамандарға көрсетілген құрмет.

Салтанатты кеште бірқатар өнер иелері мемлекеттік наградаларға ие болды. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония әртісі Аманжол Самыков пен Абай атындағы театр әртісі Азамат Нұрғамысға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Ал Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев Президент Алғысы мен «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар сала мамандарына «Еңбек ардагері» медалі, «Мәдениет саласының үздігі» және «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.

Мәдениет мерекесі аясында өткен маңызды жобалардың тағы бірі — «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауы. Өткен жылы бастау алған жоба биыл ауқымын кеңейтіп, өңірдегі шығармашылық ұжымдардың үлкен өнер алаңына айналды. Байқауға облыстың он ауданынан екі мыңға жуық өнерпаз қатысты.

Абай атындағы театр сахнасында өткен гала-концертте ән мен күй, жыр-терме мен театрландырылған қойылымдар көрерменге ұсынылып, ұлттық өнердің өрісі кеңінен насихатталды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Абай ауданына беріліп, жеңімпаздарға заманауи құрылмалы сахна кешені сыйға тартылды. І орын алған Үржар ауданына шағын автобус табысталса, ІІ орын иегері Жарма ауданы музыкалық аппаратурамен марапатталды. Ал ІІІ орын Бесқарағай ауданы мен Аягөз ауданына бұйырып, әрқайсына 5 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.

Бүгінде Абай облысында 300-ге жуық мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Оның қатарында кітапханалар, музейлер, театрлар, клубтар, архивтер мен филармония бар. Салада екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл — өңір руханиятының ауқымын аңғартатын көрсеткіш.

Соңғы жылдары облыста мәдени инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы Бородулиха ауданы, Жарма ауданы, Ақсуат ауданы мен бірқатар елді мекенде жаңа мәдениет үйлері мен ауыл клубтары пайдалануға берілді. Ал биыл Жоғарғы Егінсу ауылы, Көктерек ауылы және Көкжыра ауылында жаңа мәдениет нысандарының құрылысы жүріп жатыр.

Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, өңірде соңғы 40–45 жыл ішінде жаңа ғимарат салынбаған ауылдар да бар. Сондықтан мәдениет инфрақұрылымын жаңарту мен жаңа орталықтар ашу — уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Өйткені руханиятқа көрсетілген қолдау елдің ертеңіне қызмет етеді.

Алдағы уақытта Семей қаласында жаңа театр, кітапхана, шығармашылық орталықтар мен мәдениет үйлерін салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Невзоровтар отбасы музейі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласын қолдау — мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін бірнеше мәрте атап өтті. Соңғы бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артты. Тек өткен жылдың өзінде ел көлемінде 61 мәдениет нысаны салынып, 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есе ұлғаяды.

Абай облысында өткен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар ұлттық өнерге деген құрметтің, руханиятқа деген жанашырлықтың және мәдениет саласындағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісіне айналды. Ұлы Абайдың ізі қалған қасиетті өлкеде рухани сабақтастық үзілген жоқ. Керісінше, уақытпен бірге жаңарып, жаңа мазмұнмен толығып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button