Басты жаңалық

BINOM мектебі Семейде бой көтереді

 

Семей қаласында 1400 орынға арналған заманауи BINOM мектебінің құрылысы басталды. Қарағайлы шағын ауданында бой көтеретін білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, «BI Group» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, BINOM мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова және «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкіжанова қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл жобаның өңірдегі білім беру саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа мектеп қарқынды дамып келе жатқан Қарағайлы шағын ауданындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды.

Жаңа білім ордасы BINOM мектептер желісінің еліміздегі оныншы мектебі болмақ. Бұған дейін мұндай мектептер Астана мен Атырауда ашылған. Осылайша, Семей BINOM мектебі жұмыс істейтін үшінші қалаға айналады. Нысанды келесі оқу жылында пайдалануға беру жоспарланған.

Мектеп заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталады. Онда физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары, робототехника кабинеттері, смарт-сыныптар, телестудия, кинозал, коворкинг кеңістіктері, шығармашылық шеберханалар мен 3D-принтерлер орнатылады. Сонымен қатар оқушылардың көшбасшылық және коммуникативтік дағдыларын дамытуға арналған арнайы білім беру алаңдары жұмыс істейтін болады.

Жаңа мектептің ашылуы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын нығайтып, оқушылардың заман талабына сай білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button