Басты жаңалық

Түлектер үлкен өмірге қадам басты

Шәкәрім университетінде үшінші жыл қатарынан дәстүрлі «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты шарасы өтті. Ерекше мерекеде Shakarim High School мектебінің түлектері мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Әсіресе «Алтын белгіге» үміткерлер мен білім үздіктері үшін бұл күн есте қаларлық сәттердің біріне айналды.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, Мемлекеттік Ту салтанатты түрде әкелінді. Елдің ертеңіне сенім артқан ұстаздар, ата-аналар және түлектер үшін бұл күн ерекше эмоция мен толқыныс сыйлады.

Шара барысында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков сөз сөйлеп, оқу орны жанынан құрылған Shakarim High School мектебінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

– Shakarim High School – заман талабына сай құрылған жаңа үлгідегі білім ордасы. Біздің мақсатымыз – тек білім беру емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бірнеше тілді меңгерген, бәсекеге қабілетті тұлғаларды қалыптастыру. Қазіргі әлемде оқушыларға академиялық білім ғана емес, сыни ойлау, зерттеушілік қабілет, цифрлық сауаттылық пен көшбасшылық қасиеттер де қажет, – деді университет ректоры.

Бүгінде мектепте 10–11 сыныптарда 136 оқушы білім алуда. Ал биылғы оқу жылында 7 оқушы «Алтын белгіге», тағы 7 түлек үздік аттестатқа үміткер атанған.

Мектеп директоры Бақыт Сейітқалиева білім ордасының негізгі артықшылығы оның университет базасында жұмыс істеуі екенін атап өтті.

– Бұл жүйе оқушыларға ғылыммен ерте жастан айналысуға мүмкіндік береді. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, жас ғалымдары мен PhD докторлары арнайы дәрістер өткізіп, зертханалық жұмыстар ұйымдастырады. Осы арқылы оқушылар теория мен тәжірибені ұштастырып, білім көкжиегін кеңейтеді, – деді мектеп директоры.


Оның айтуынша, биыл Shakarim High School қабырғасынан 68 түлек үлкен өмірге жолдама алмақ. Олардың арасында «Алтын белгі» мен үздік аттестатқа үміткер оқушылар бар.

Соңғы қоңырау – тек оқу жылының аяқталуы емес, жаңа мүмкіндіктер кезеңінің басталуы. Ал бүгінгі түлектер үшін бұл күн балалық шақпен қоштасып, болашаққа жасалған маңызды қадам ретінде есте қалмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button