Коммуналдық төлемді үнемдеудің жолы

Қазақстанда табысы төмен азаматтарды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін көрсету қағидалары жаңартылды. Бұл өзгерістер коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп-ұстауға, күрделі жөндеу жарналарына және әкімдік ұсынған жалдамалы тұрғын үйдің жалдау ақысына кететін шығындардың бір бөлігін мемлекет есебінен өтеуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үй көмегі отбасының коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйге жұмсайтын шығындары белгіленген шекті деңгейден асқан жағдайда тағайындалады. 2026 жылғы 10 шілдеден бастап жергілікті мәслихаттар бұл шекті отбасының жиынтық табысының 5–10 пайызы аралығында белгілейді. Бұрын мұндай бірыңғай шек заңнамада нақты көрсетілмеген еді.
Көмек бірлесіп қаржыландыру қағидаты бойынша есептеледі. Яғни отбасы табысының белгіленген үлесіне дейінгі шығынды өзі өтейді, ал одан асқан бөлігін мемлекет төлейді.
Мәселен, отбасының ай сайынғы табысы 300 мың теңге болса және өңірде шекті көрсеткіш 10 пайыз болып бекітілсе, отбасы тұрғын үйге қатысты шығындардың 30 мың теңгесіне дейін өз қаражаты есебінен төлейді. Егер коммуналдық төлемдер мен басқа шығындар 45 мың теңгені құраса, оның 15 мың теңгесін мемлекет өтейді.
Ал ай сайынғы табысы 100 мың теңге болатын жалғыз тұратын зейнеткер үшін шекті мөлшер 5 пайыз деп белгіленсе, ол 5 мың теңгені өзі төлейді. Коммуналдық шығындары 20 мың теңгеге жеткен жағдайда қалған 15 мың теңгені мемлекет өтейді.
Тұрғын үй көмегінің нақты мөлшері әрбір өтініш беруші үшін жеке есептеледі. Есептеу барысында отбасының табысы, бірге тұратын адамдар саны, тұрғын үйдің аумағы, өңірдегі коммуналдық тарифтер және өзге де көрсеткіштер назарға алынады.
Көмекті алу үшін азамат өзінің жалғыз баспанасында немесе әкімдік ұсынған мемлекеттік не жалдамалы тұрғын үйде тұруы тиіс.
Өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе eGov порталы арқылы беруге болады. Өтініш әр тоқсан сайын бір рет қабылданады, ал тағайындалған қаражат өтініш иесі көрсеткен банк шотына аударылады.
Жаңартылған қағидалар тұрғын үйге байланысты қаржылық жүктемені азайтып, мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға тиімді жетуіне мүмкіндік береді.



