Жәрдемақыда несие ескеріледі

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау жүйесі жаңартылып жатыр. Енді азаматтардың мұқтаждығын бағалау кезінде табыспен қатар олардың шығындары, соның ішінде несиелік жүктемесі де ескерілуі мүмкін.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Айнұр Абдырахманова мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шараларын біріздендіру және отбасылардың нақты әл-ауқатын дәлірек анықтау бағытында жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта мұқтаждық деңгейін цифрлық карта арқылы бағалау жүйесі енгізілмек.
Жаңа тәсілге сәйкес, отбасылардың тек табысы ғана емес, шығындары да есепке алынады. Атап айтқанда, несиелік қарыздар да жалпы бағалауға енгізіледі. Бұл бағытта Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктермен интеграция жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, жәрдемақы тағайындау туралы шешім барлық жиынтық деректер негізінде қабылданады. Учаскелік комиссиялар табыс пен шығынды қатар қарап, әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс деңгейін анықтайды. Егер бұл көрсеткіш белгіленген шектен аспаса, отбасы АӘК алуға құқылы болады.
Жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізілуде. Барлық цифрлық интеграциялар толық аяқталғаннан кейін ғана ол толық іске қосылады.



