Басты жаңалық

Өңір журналистерінің еңбегі еленді

Абай облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, өңірдің ақпарат саласының дамуына үлес қосып жүрген журналистер мен БАҚ өкілдерінің еңбегі жоғары бағаланды.

Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов Абай облысының әкімі Берік Уәлидің құттықтауын жеткізіп, журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді байланыс орнатудағы, қоғамдық пікір қалыптастырудағы және елдегі маңызды бастамаларды халыққа жеткізудегі ерекше рөлін атап өтті.

Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығының лауреаттары марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар «Әділетті Қазақстан», «Еңбек адамы», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Ауыл – ел бесігі», «Жасанды интеллект және цифрлық даму», «Білімді ұлт», «Объективтегі өмір», «Киелі Абай елі» және өзге де номинациялар бойынша анықталды. Сонымен қатар, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдары мен журналистерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Салтанатты шара барысында ардагер журналист Марат Жұмабаевқа «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табыс етілді. Ал Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі меценат әрі кәсіпкер Қайрат Кенжебаевқа берілді. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамоталары тапсырылып, бірқатар БАҚ өкілдері ұйым қатарына қабылданды.

Айта кетейік, осы күні Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің журналистика саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналының директоры Райхан Шарапиева «Құрмет» орденімен марапатталды. Мәртебелі марапатты ол Ақордада Қазақстан Президентінің қолынан алды.

БАҚ қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс-шара журналистика саласы өкілдерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болып, қоғам мен мемлекет арасындағы ақпараттық байланысты нығайтудағы журналистердің маңызды миссиясын тағы бір мәрте айқындады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button