Жаңа Конституцияның ресми басылымы табысталды

Абай облысында бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай жаңа Ата заңның ресми басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамхат Айнабеков, құқық қорғау органдарының, өңірлік департаменттердің жетекшілері, басқарма басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли жаңа Конституцияның ел дамуындағы тарихи маңызына тоқталып, оның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және өңірлердің орнықты дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
– Бүгіннен бастап бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция өз күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституция – құқықтық құжат қана емес, қоғамды біріктіретін басты құндылық. Жаңа Ата заң еліміздің жаңару бағытын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Конституцияны қабылдау – халқымыздың ортақ таңдауы әрі ортақ жауапкершілігі. Осы тарихи үдеріске үлес қосқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді өңір басшысы.

Қазақстан Республикасы Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде Конституцияның 25 мың данасы басылып шығарылып, мемлекеттік органдарға жолдануда. Оның 1146 данасы Абай облысына бөлініп, аудандарға, білім беру ұйымдарына, кітапханалар мен кәсіподақ ұйымдарына таратылды.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысының арнайы құттықтауымен жолданған жаңа Конституцияның ресми басылымы облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мейрамхат Айнабековке табысталды.
Іс-шара жаңа Конституцияның қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтудағы және азаматтардың конституциялық құндылықтарға деген құрметін арттырудағы маңызын айқындаған маңызды рәсімдердің бірі болды.



