Жаңа оқу жылы басталды

Бүгін Абай облысында 100 мыңнан астам оқушы үшін жаңа оқу жылы басталды. Олардың қатарында мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған 10 мыңнан астам бүлдіршін бар. Ал Семей қаласында биыл 5 мың оқушы бірінші сыныпқа қабылданды.
Білім күніне орай облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының Степной кентіндегі №46 жалпы орта білім беретін мектепке барып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Салтанатты жиынға Қазақстанның Еңбек Ері, ардақты ұстаз Алма Шүкіжанова да қатысты.

«1 қыркүйек – әр отбасы үшін ерекше толқыныс пен қуанышқа толы күн. Әсіресе, бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күннің орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін» деп еліміздің жастары мен жасөспірімдеріне деген зор сенімі мен шынайы үмітін артқан болатын. Баршаңызды Білім күнімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылында әр шаңыраққа береке, ұстаздарға шабыт, шығармашылық тың идеялар, ата-аналарға қуаныш, ал оқушыларға зор денсаулық, биік мақсат және толағай табыс тілеймін!», – деді Берік Уәли.
№46 мектеп 2022 жылы 300 оқушыға арналған білім ордасы ретінде ашылған. Бүгінде мұнда білім алушылардың шығармашылық, зерттеушілік және спорттық қабілеттерін дамытуға, цифрлық технологияларды меңгеруіне барлық қажетті жағдай жасалған. Биыл мектептің алғашқы түлектері оқу ордасын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты.
Ал жаңа оқу жылында мектеп 402 оқушымен жұмысын бастайды. Оның 46-сы жақын маңдағы елді мекендерден қатынап оқиды.
Оқушылар үшін тағы бір жағымды жаңалық – мектепке жаңа автобус берілуі. Білім күніне арналған шара барысында облыс әкімі білім ордасының ұжымына автобустың сертификатын табыстады.
«Жыл сайын мектеп оқушыларды тасымалдау үшін автобусты жалға алып келді. Бүгінгі Білім күнінде, жаңа оқу жылының бастауында мектепке жаңа автобус сыйлағанды жөн көріп отырмыз. Бұл алыстан қатынап оқитын балаларға қолайлы жағдай жасап, білім сапасының артуына септігін тигізеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.

Өңір оқушыларының білім бәсекесіндегі нәтижелері де көңіл қуантады. Өткен оқу жылында Абай облысының 407 оқушысы республикалық және халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысып, 163-і жүлделі орынға ие болды. Әсіресе IT, дәл ғылымдар мен робототехника бағыттарында оқушылар жоғары нәтиже көрсетті.
Үш білім ордасы еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектебі» қатарына енді. Ал биыл жоғары оқу орнына түсуге ниетті 200 түлекке облыс әкімінің гранты бөлінді.
Білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балаларға жайлы орта қалыптастыру. Осы мақсатта «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 5 мектеп салынды.
Семейдің Қарағайлы тұрғын ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақсуат және Екпін ауылдарында 300 орындық мектептер салу жоспарланып отыр.
Жаңа оқу жылы — жаңа мақсаттардың бастауы. Бүгін мектепке алғаш қадам басқан мыңдаған бүлдіршін үшін бұл күн білім мен ізденіске толы жаңа кезеңнің есігін ашты.



