Жарма ауданында жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жарма ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған бірқатар кездесу өтті. Оған аудан тұрғындары, түрлі еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

Кездесулерді «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері өткізді. Олар аудан белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен, теміржолшылармен және білім саласының өкілдерімен пікір алмасты.
Жиында жаңа Конституцияның ел дамуына, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталғаны айтылды. Коалиция мүшесі Қайрат Смағұлов жаңа өзгерістер өңірлердің дамуына да оң әсер ететінін атап өтті.

Калбатау ауылындағы орталық аурухана ұжымымен өткен кездесуде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер талқыланды. Аурухананың заңгері Сәуле Түсіпбаева жаңа Конституция жобасында адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
Ал Шар қаласында «Қамқор Локомотив» депосының теміржолшыларымен кездесу өтті. Онда жаңа Конституция еңбек жағдайларын жақсартуға және әділ жалақыға кепілдік беретіндігі айтылды.
Сонымен қатар Жарма технологиялық колледжінде өткен дөңгелек үстелде білім беру мен инновацияны дамыту мәселелері сөз болды.



