Ақсуаттық блогер халықаралық сыйлыққа ие болды

Абай облысы Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылында туған қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим халықаралық WIBA Awards сыйлығын жеңіп алды. Ол World Influencers and Bloggers Association қауымдастығының нұсқасы бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Ұйымның ресми хабарлауынша, блогер марапат иегері ретінде бекітілген. Салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылдың 22 мамырында Францияның Канн қаласындағы әйгілі Hôtel Martinez қонақүйінде өтеді. Бұл шара дәстүрлі түрде Канн кинофестивалі өтетін уақытпен қатар ұйымдастырылады.

WIBA Awards – әлеуметтік желідегі танымал әрі ықпалды блогерлерге берілетін халықаралық сыйлық. Биыл марапаттау рәсімі алғаш рет онлайн платформалар арқылы көрсетіледі.

Дастанның әлеуметтік желілердегі жұмыстары миллиондаған қаралым мен лүпіл жинап келеді. Ол халықаралық аудиторияға Қазақстанның табиғатын, өңірлердің көрікті жерлерін таныстырып, елдің туристік әлеуетін насихаттап жүр. Сонымен қатар блогер шетелдік танымал брендтермен де бірлесіп жұмыс істейді.



