Семей мен Сианьді жалғаған ғылым көпірі

2025 жылғы 6 қарашада Қытай Халық Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Сиань Цзяотун университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының озық ғылыми-технологиялық жетістіктерімен алмасу жөніндегі халықаралық конференция өтті.
Іс-шара барысында Сиань Цзяотун университеті (ҚХР) тарапынан Шәкәрім университетіне (Қазақстан Республикасы) «Электрлік автоматтандыру жөніндегі Қазақстан–Қытай бірлескен зертханасына» арналған жабдықтардың алғашқы партиясының естелік сертификаты табысталды.
Бұл – 2025 жылғы маусымда Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында екі ел арасында жасалған келісімнің нақты жүзеге асуы болып табылады.
Жаңа зертхана Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және технологиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді. Жоба аясында автоматтандыру, ақылды логистика жүйелері және өндірістік инновациялар бағыттарында зерттеулер жүргізілмек.
Зертхана толықтай Абай облысының өңірлік инновациялық платформасына интеграцияланып, қазақстандық инженерлік ғылымның дамуына жаңа серпін береді.
Қазақстан Республикасының ресми делегациясын Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен Shakarim University ректоры Думан Орынбеков бастап барды.



