Талицаға келген басты өзгеріс қандай?

Жаңасемей ауданының Талица ауылында көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып, елді мекенде ауыз су құбыры ресми түрде іске қосылды. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады.
Ауыз сумен қамту жобасы аясында ауылда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 9,5 шақырым болатын су құбыры желісі тартылып, 104 су құдығы мен 23 өрт гидранты орнатылды. Бұдан бөлек, мектеп аумағында өрт қауіпсіздігіне арналған резервуар қойылып, көлемі 60 текше метр болатын екі су қоймасы салынды.

Жобаның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін электр желілері жүргізіліп, трансформатор мен дизельдік генератор орнатылған. Сондай-ақ насостық станция іске қосылып, нәтижесінде 98 тұрғын үй мен Талица орта мектебі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Рәсім барысында аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, бұған дейін көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті.
– Өткен жылы Талица ауылына келген кезде тұрғындармен кездесіп, ең өзекті мәселелердің бірі – таза ауыз су екенін айтқан едік. Бүгін сол мәселе шешімін тауып отыр. Енді ауыл халқы сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Сонымен қатар тұрғындар көтерген тағы бір маңызды мәселе – интернет желісі. Қазіргі уақытта қажетті қаржы бөлініп, екі ауылды интернетке қосу бойынша конкурстық рәсімдер өтіп жатыр. Жоспарға сәйкес қыркүйек айында ауылдар толық интернетпен қамтылады, – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жаңасемей ауданында халықты ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Қазіргі таңда ауданның сегіз елді мекенінде блок-модульдік станциялар орнатылған. Олардың қатарында Шоптығақ, Қыземшек, Жазық, Баженово, Климентьевка, Қаракөл және Самай ауылдары бар.
Таза ауыз су – тұрғындардың өмір сапасын арттыратын негізгі факторлардың бірі. Талица ауылындағы бұл жоба ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі саналады.



