Басты жаңалық

Ел энергетикасына жаңа үлес

Абай облысында елдің энергетикалық әлеуетін арттыратын ауқымды жоба бастау алды. Бүгін Курчатов қаласында қуаты 700 мегаватт болатын конденсациялық электр станциясының (КЭС) іргетасын қалау рәсімі өтті. Жоба Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, өңірдің өнеркәсіптік және экономикалық дамуына жаңа серпін бермек.

Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Курчатов» КЭС жобасының инвесторы Темірлан Өтегенов және сала өкілдері қатысты.

«Курчатов» КЭС – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған стратегиялық жобалардың бірі. Жалпы инвестиция көлемі 881 миллиард теңгені құрайды. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2032 жылдарға жоспарланған. Электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін жылына 5 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл елдегі электр қуаты тапшылығының алдын алып, Бірыңғай энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

Жобаның әлеуметтік маңызы да айрықша. Құрылыс кезеңінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станция пайдалануға берілген соң 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Курчатов қаласының ғана емес, жалпы Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Іргетас қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл жобаның Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам екенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы энергетикалық тәуелсіздікті күшейтіп, жаңа генерациялау қуаттарын іске қосуды ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген. Осы міндеттерді жүзеге асыру жолындағы нақты жобалардың бірі – Курчатовтағы жаңа конденсациялық электр станциясы. Сонымен қатар өңір басшысы станция іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындарының ашылып, жергілікті кәсіпкерлік пен инфрақұрылымның дамуына тың серпін беретінін айтты.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бұл жоба энергетика саласын ғана емес, жалпы ел экономикасын дамытуға ықпал ететін маңызды бастама екенін жеткізді.

Бүгінде Ертіс өзеніндегі Шүлбі су электр станциясы 702 мегаватт орнатылған қуатымен еліміздегі негізгі гидроэнергетикалық нысандардың бірі саналады. Дегенмен гидроэнергетика табиғи су қорына тәуелді болғандықтан, энергия өндіру көздерін әртараптандыру – уақыт талабы.

Осы мақсатта Абай облысында бірнеше ірі энергетикалық жоба қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қуаты 350 мегаватт болатын Семей су электр станциясының құрылысы жоспарланған. Сондай-ақ Шүлбі су электр станциясының екінші кезеңі іске асырылып, оның қуаты 702 мегаваттан 1050 мегаватқа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, Семей қаласында 360 мегаваттық ЖЭО-3 салу жоспарда бар.

Курчатовтағы жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы – Абай облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірді еліміздің маңызды энергетикалық орталықтарының біріне айналдыруға жол ашатын ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button