Басты жаңалық
Әйелдер мен балаларды қолдау шаралары қаралды

Абай облысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында өңірдегі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды.
Биыл Семей қаласында «Отбасын қолдау орталығы» ашылды. Оның негізгі мақсаты – отбасылық даулардың алдын алу, ата-аналар мен балаларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету.
Абай облысы бойынша баланың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева жыл басынан бері 42 өтініш тіркелгенін айтты.
Комиссия мүшелері әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты күшейту, отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.




