Басты жаңалық

Облыс әкімі абайтанушы Арап Еспенбетовпен кездесті

Абай облысының әкімі Берік Уәли абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Абай облысының Құрметті азаматы, Шәкәрім университетінің профессоры Арап Еспенбетовпен кездесті.

Кездесу барысында өңірдің тарихы, әдебиеті мен руханиятына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Арап Еспенбетов облыстың рухани-мәдени әлеуетін арттыру, Абай Құнанбайұлы мен алаш қайраткерлерінің мұрасын кеңінен насихаттау бағытында өз ұсыныстарын білдірді.

Аймақ басшысы өңірдің рухани дамуына үлес қосып жүрген зиялы қауым өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап, олардың тәжірибесі мен білімі жас ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ мәдениет пен ғылым саласындағы бастамалар алдағы уақытта да қолдау табатынын жеткізді. Кездесуде айтылған ұсыныстар назарға алынатыны айтылды.

Берік Уәли өз сөзінде өңірдегі мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы алғаш рет 10 күндік форматта кең көлемде аталып өтті. Аталған мерейтой аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық және интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің 19 авторының 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 100 орындық екі ауылдық клуб пайдалануға берілді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Дереккөз:Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен

Басқа жаңалықтар

Back to top button