Шарда халық күткен жобалар
Шар қаласы жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалармен жаңарып келеді.

Шар қаласында көптен бері көтеріліп келе жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қалада жаңа жүзу бассейнінің құрылысы жүріп, ондаған жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда. Бұл – тұрғындардың сұранысына негізделген және шағын қаланың дамуына серпін беретін маңызды жобалар.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Жарма ауданына барып, Шар қаласындағы осы екі ірі нысандағы құрылыс жұмыстарымен танысты.

Алғашқы нысан – жаңа жүзу бассейні. Бұған дейін қала тұрғындары, әсіресе балалар мен жастар үшін жүзумен тұрақты айналысуға мүмкіндік болмаған. Сондықтан жаңа спорт кешенінің құрылысы тұрғындар күткен маңызды жобалардың бірі саналады.
Өткен жылы басталған құрылыс бүгінде белсенді кезеңге өтті. Қазіргі уақытта бассейн ғимаратының қабырғаларын бетондау және аумақты қоршау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданы 1298 шаршы метр болатын нысанда ұзындығы 25 метрлік төрт жолақты бассейн орналасады. Бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын кешенде волейбол және баскетбол алаңдары да қарастырылған.

Жоба тек спорт нысанын салумен шектелмейді. Ол қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.
Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Берік Терлікбаев құрылысты толық аяқтау үшін қосымша қаржы қажеттігін айтты. Өз кезегінде облыс әкімі мердігер ұйымға жұмыстың сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Бассейн құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, қолданысқа беруіміз керек. Шар қаласына бассейн қажет. Халық күтіп отыр. Қажетті қаражатты қарастырамыз. Былтыр Мәдениет үйін толық жаңғырттық. Қазір бірнеше көше жөнделіп жатыр. Жалпы, Шар қаласының дамуы менің бақылауымда. Бұл жұмыстар жалғаса береді, – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында қаладағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту барысын да көрді.
1982 жылы салынған вокзал соңғы рет 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бүгінде тәулігіне 160-қа жуық жолаушыға қызмет көрсететін нысан заман талабына сай жаңартылып жатыр.

Қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылдың екінші тоқсанында басталған. Жоспар бойынша жаңа келбетке ие болатын вокзал тамыз айында пайдалануға беріледі.
Жоба аясында ғимараттың аумағы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Шатыр толық ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Инженерлік жүйелер түгел жаңартылып, перрондар жөнделеді, вокзал аумағы абаттандырылады. Сонымен қатар жолаушыларға арналған жаңа жиһаздар мен заманауи жабдықтар орнатылады.
Теміржол вокзалы – тек көлік нысаны ғана емес, қаланың келбетін айқындайтын маңызды орын. Сондықтан оның жаңаруы тұрғындар үшін де, өңір арқылы қатынайтын жолаушылар үшін де қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Берік Уәлидің айтуынша, бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында қолға алынған. Бүгінде республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңартылып жатыр.
Абай облысында Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы вокзалдарды жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Ал Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш вокзалдары жақында пайдалануға берілді.
Шар қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар бір ғана құрылыс жұмысы емес. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік ортаны дамытуға және шағын қалалардың әлеуетін күшейтуге бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі. Халық көптен күткен спорт нысаны мен жаңарған теміржол вокзалы пайдалануға берілген соң, қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, Шардың әлеуметтік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.



