Басты жаңалық

Тоқаев ғалымдарды марапаттады

Ақордада Ғылым қызметкерлері күніне орай ғалымдарды марапаттау рәсімі өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның ел дамуы үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, кез келген озық мемлекеттің негізі ғылым, ал басты байлығы ғалымдар. Ол ғылыми әлеует елдің беделі мен қуатының басты көрсеткіші екенін жеткізді.

– Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі. Ғылымға басымдық берген ел ғана өркениет көшінде алға шығады, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде түрлі салада табысқа жеткен қазақстандық ғалымдар ел дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып отырғанын атап өтіп, оларға алғыс білдірді.

Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті ел болу үшін ғылымды дамыту, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеру маңызды екенін ерекше айтты.

Президент сөз соңында Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез арқылы озады» деген нақылын келтіріп, ғылымның маңызы ешқашан өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button