Балалар күлкісімен көмкерілген мереке

Баланың шат күлкісі мен қуанышты үні естілген жерде мерекенің ерекше атмосферасы сезіледі. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Семейде ұйымдастырылған «Бақытты бала – жарқын болашақ» фестивалі дәл осындай шаттыққа толы мерекеге айналып, жүздеген бүлдіршін мен олардың ата-анасын бір алаңға жинады.
Мерекелік шара барысында балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Фестиваль алаңында спорттық және зияткерлік ойындар ұйымдастырылып, аниматорлар балалардың көңілін көтерді. Сонымен қатар балалар шығармашылығының көрмесі, түрлі шеберлік сағаттары мен арнайы фотоаймақтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Мерекелік фестивальге Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
— Халқымызда «Бала – бауыр етің» деген дана сөз бар. Өйткені бала – әр отбасының қуанышы, елдің ертеңі, болашаққа деген сенімі мен үміті. Бала күлкісі – бейбіт өмірдің, шаттық пен бақыттың белгісі. Сондықтан өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Заманауи «Келешек мектептері», дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұл – балалардың жан-жақты дамуына жасалған үлкен мүмкіндік, — деді қала әкімі.
Фестиваль аясында сахнаға шыққан өнерлі балалар өз таланттарын паш етіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр алаңқайдан балалардың шат күлкісі естіліп, мерекенің басты кейіпкерлері өздерін ерекше сезінді.

«Бақытты бала – жарқын болашақ» фестивалі бүлдіршіндер үшін ұмытылмас әсер сыйлап қана қоймай, қоғам назарын балалардың құқықтарын қорғау мен олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселесіне тағы бір мәрте аударды. Балалар мерекесі Семей тұрғындары үшін мейірім мен қуанышқа толы жарқын күн ретінде есте қалды.



