Абай облысының делегациясы Омбыдағы халықаралық форум аясында бірқатар іскерлік кездесулер өткізді

Ресей Федерациясының Омбы қаласында Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады. Екі ел арасындағы экономикалық және өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған бұл форум жыл сайын мемлекеттік органдардың, өңір басшыларының, кәсіпкерлердің, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын қосатын маңызды диалог алаңы саналады.
Биылғы форум «Жаһандық логистикалық экожүйені қалыптастыру: Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды. Форум барысында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, халықаралық көлік дәліздерінің әлеуетін арттыру, цифрландыру, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, инвестиция тарту және өңіраралық экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері кеңінен қарастырылуда.
Аталған маңызды іс-шараға Абай облысының делегациясы да қатысуда. Делегация құрамында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары, сондай-ақ өңірдің бизнес қауымдастығының өкілдері бар.
Форум аясында өңір делегациясының басты мақсаты – жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді қарастыру, халықаралық әріптестікті кеңейту, кәсіпкерлер арасында тікелей байланыс орнату және облыстың экономикалық әлеуетін таныстыру. Сонымен қатар түрлі салалардағы үздік тәжірибелермен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа бағыттарын айқындау көзделген.
Екі күнге жоспарланған форум бағдарламасы ауқымды іс-шараларды қамтиды. Оның ішінде Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өтетін пленарлық отырыс, іскерлік кеңестердің кездесулері, тақырыптық панельдік сессиялар, көлік және логистика инфрақұрылымының көрмесі, инвестициялық жобалардың таныстырылымы, екіжақты кездесулер және іскерлік байланыстар биржасы ұйымдастырылуда.
Форумның алғашқы күнінде Абай облысының басқарма басшылары мен кәсіпкерлері бірқатар салалық панельдік сессияларға қатысып, халықаралық логистика, өнеркәсіптік кооперация, инвестициялық ахуалды жақсарту, цифрлық технологияларды енгізу, экспорттық әлеуетті дамыту және өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ қатысушылар Ресей өңірлерінің тәжірибесімен танысып, түрлі бағыттар бойынша пікір алмасты.
Форум аясында өткен жұмыс кездесулерінің бірі Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков пен Татарстан Республикасының өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Герман Лернер арасында өтті.
Кездесу барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, жаңа өндірістік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, өндіріс орындары арасындағы байланысты нығайту және екі өңір кәсіпорындарының өзара тиімді әріптестігін дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау, өндірістерді оқшаулау, заманауи технологияларды енгізу, өндірістік тізбектерді қалыптастыру, инвестиция тарту және өзара сауда көлемін арттыру бағытындағы мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Тараптар тәжірибе алмасу мен бірлескен өндірістік бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Абай облысының өкілдері өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, өндіріс, кәсіпкерлік, инновация және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді. Өз кезегінде Татарстан Республикасы тарапынан бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға дайын екендігі айтылды.
Абай облысы делегациясының Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуы өңірдің халықаралық байланыстарын кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға, кәсіпкерлер арасында тікелей іскерлік қатынастар орнатуға және экономикалық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Форум аясында қол жеткізілетін келісімдер алдағы уақытта өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болады.



