Басты жаңалық

Шекарадағы алтын алқап

Мақаншының шаңды жолымен өткен әрбір жолаушы шекара жаққа көз тастағанда тек шексіз даланы көруге үйренген еді, ал бүгін ол далада 7 миллиард теңгенің заманауи өндіріс ошағы бой көтерді. «DI-NUR» ЖШС-нің күнбағыс майын өндіретін бұл зауыты ашылғанда қызыл лента салтанатты түрде қиылып, облыс әкімі Берік Уәли бастаған атқамінерлер де, жергілікті ақсақалдар да мұны өңірдің бағын жандыратын үлкен серпіліс деп бағалады.

Өңір басшысы өз сөзінде жобаның стратегиялық салмағын айрықша атап өтті:

«Бүгін біз облысымыздың, соның ішінде Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор инвестициялық жобаның жүзеге асуына куә болып отырмыз. «Di-Nur company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру зауытының ашылуы – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін өнімнің көлемін ғана емес, оның сапасын арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ерекше назар аударып келеді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Мұндай инвестициялық жобалар облыс экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін береді. Ерекше атап өтерлігі, май өндіру зауытының негізгі инвесторы өзіміздің жерлесіміз, осы ауданның тумасы Серік Рамбаевтың туған жерге туын тігіп, осындай үлкен өндіріс орнын туған жеріне салып жатқаны үлгі боларлық қадам деуге болады. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!»


Жаңа зауыт тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын бұрқыратып шығарып, 500 тоннаға дейін дән тазалауға, жем дайындауға қауқарлы, әрі ауылдағы 20 отбасына тұрақты, 100 адамға маусымдық жұмыс сыйламақ. Іргеде тұрған Қытай нарығы, салынып жатқан «Аягөз-Бақты» теміржолы мен Бақтыдағы құрғақ порт бұл майдың сыртқа суша ағуына барлық мүмкіндікті ашып тұр, бұл – шын мәнінде Абай облысында 2031 жылға дейін жүзеге асатын 90 ірі агрожобаның ең үмітті бастамасы.

Жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар бұл зауыттың ашылуын шекара түбіндегі шөлге жауған жаңбырдай үлкен қуанышпен қарсы алды. Аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев бастаған ел ағалары туған жерге туын тіккен инвестор Серік Рамбаевқа ризашылықтарын білдіріп, бұл бастама мақаншылықтардың тұрмысын түзейтін басты тірекке айналарына сенім білдірді.

Ендігі басты сауал – бұл алып зауыттың келешегі қандай болмақ? Тәулігіне жүздеген тонна дән өңдейтін өндіріс ошағы жергілікті диқандардың еңбегін жандандырып, алтын сары күнбағыс алқаптарының көлемін еселей түсері хақ. Қытайдай алып нарықтың іргеде тұруы мен жаңа логистикалық бағдарлар бұл Мақаншы майын Азия нарығындағы өтімді брендке айналдыруға барлық жолды ашып тұр. Ең бастысы – ауылда өндіріс ошағының оты маздап, шекара түбіндегі елдің еңсесі биіктей бермек.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button