Әлет бағы – Сиверс алмасының тарихымен сабақтас мекен

Абай облысының Үржар ауданында, Ақберлі тауының баурайында орналасқан Әлет бағы – өңірдің табиғи байлығы мен бағбандық тарихын танытатын көрікті мекендердің бірі.
Бақтың негізі 1930 жылдардың шамасында Әлет есімді азаматтың еңбегімен қаланған. Ол осы аумақта алма өсіруді қолға алып, бақтың қалыптасып, өркендеуіне үлес қосқан. Уақыт өте келе бұл мекен бағбанның есімімен аталып кеткен.

Әлет бағының ерекшелігі – оның әлемге әйгілі Сиверс алмасының тарихымен байланысында. Ғалым Иоганн Сиверс Үржарға жасаған сапары кезінде осы өңірден жабайы алма үлгілерін жинап, зерттеу үшін өзімен бірге алып кеткен. Кейін бұл алманың генетикалық ерекшеліктері ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады.
Қазақстандық ғалым Аймақ Жанғалиев бастаған зерттеушілер, сондай-ақ шетелдік ғалымдар Сиверс алмасының шығу тегін зерделеп, оның табиғи таралу аймақтарын зерттеуге үлес қосты. Бұл еңбектер Үржар мен Тарбағатай өңірінің жабайы алманың генетикалық қорын сақтаудағы маңызын көрсетті.

Бүгінде Әлет бағы – тек жеміс өсіретін аумақ қана емес, туған жердің табиғи мұрасы мен тарихи жадын сақтап тұрған ерекше орын. Ақберлі тауының баурайындағы бұл бақ Үржар жұртының мақтанышы әрі өңірдің туристік әлеуетін танытатын мекендердің бірі.



