Заң

182 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарының жай-күйін бақылау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері осы саладағы заң талаптарын бұзған 182 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылған, — деп хабарлайды Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.

Олардың қатарында республикалық және жергілікті деңгейдегі жол-көлік инфрақұрылымына жауапты мекемелер бар.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жол учаскелерін күтіп-ұстау бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 30 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Тексеру барысында жол жиектері мен қоқыстардың уақтылы тазаланбағаны, шұңқырларды жөндеу жұмыстарының толық көлемде орындалмағаны және кейбір учаскелердің қанағаттанарлықсыз күйде екені белгілі болды.

Сонымен қатар, қала және аудан әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері тарапынан 55 заңбұзушылық тіркелген. Бұған жол белгілерінің дұрыс орнатылмауы, жол таңбаларының өшіп кетуі, шұңқырлардың уақтылы жөнделмеуі және жаяу жүргінші жолдары мен су ағызу жүйелерінің талапқа сай күтім көрмеуі себеп болған.

Жол жөндеу жұмыстарын орындау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 97 мердігер ұйым да жауапкершілікке тартылды. Кейбір нысандарда ескерту белгілері мен қоршаулар орнатылмаған, ал жер жұмыстары аяқталған соң жол төсемі қалпына келтірілмеген.

Тексеру кезінде жол жамылғысын жөндеу мен белгілерді орнату жұмыстарының сапасыз орындалуы, сондай-ақ теміржол өткелдері мен жасанды құрылыстардың күтім ережелерін бұзу жағдайлары да анықталды. Мұндай кемшіліктер жол-көлік оқиғаларына тікелей себеп болып, жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.

Абай облысының Полиция департаменті жолдардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша материалдарды тиісті органдарға жолдап отырады.

Департамент өкілдері жолдарды күтіп-ұстау – оларды баланста ұстаушы ұйымдардың тікелей міндеті екенін ескертеді. Талаптарды орындамау немесе ақауларды дер кезінде жоймау әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button