Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленуде

Туристік және инвестициялық әлеуеті жоғары Алакөл көлінің жағалауында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған нақты шаралар қабылданды.
Биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлініп, Қабанбай ауылында құтқару станциясы мен өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Сондай-ақ жаңа электр желісін тарту және тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жобалары әзірленіп жатыр.
Көл жағалауын жүйелі дамыту мақсатында жаңа бас жоспар дайындалуда. Жоба аясында жалпы ауданы 1 000 гектардан асатын демалыс және туризм аймақтарын қалыптастыру, көлік қолжетімділігі мен инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру көзделген.
Нәтижесінде Қабанбай ауылы мен жағалау аумақтары біріктіріліп, игерілген жер көлемі 3 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл Алакөлді өңірдің жетекші туристік орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Әзербайжан инвесторларының қатысуымен «Алакөл» емдеу-сауықтыру кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда. Екі ел басшылары бұл келісімге 21 қазанда қол қойған.



