Мұқырлық апалардың адал еңбегі
Көше саудасы – халық пен еңбектің арасындағы алтын көпір. Онда адал еңбек, табиғи өнім мен адам жылуы қатар жүреді. Өз өнімдерімен азаматтарды қуантып жүрген жандардың бірі — Алтынжан Омарова мен Гүлнар Хайсенова. Олар қырық жылға жуық уақыттан бері сүт өнімдерін дайындап, сатады. Таңғы сағат 8-ден түске дейін ірімшік, қатық, қаймақ, май мен құрттарын қала тұрғындарына ұсынады. Күнделікті Семей маңындағы Мұқыр ауылынан келіп, өз кәсіптерін жүргізеді.
«Келін болып түскен кезімізден осы іспен айналысып келеміз. Сиыр сауып, өнім жасап, сату – біздің күнделікті еңбегіміз. Бастысы – адал еңбек пен сапа», – дейді апалар.
Тұрақты тұтынушылары өнімдерінің дәмі мен тазалығына риза. Апалар өз істерін сүйіп атқарады, сондықтан жұмыстың берекесін де сезінеді.
«Қазір жастар арасында мұнымен айналысатындар аз. Бірақ ірі қара ұстағандар осыны кәсіпке айналдырса екен. Сонда халықта сапалы өнімді жиі тұтынатын еді», – дейді олар.
Мұқырлық апалар – еңбектің қадірін білетін, дәстүрлі кәсіпті сақтап жүрген жандар.
Көше саудасынан береке тапқан олардың еңбегі – бүгінгі қоғамға үлгі.



