Ауылдың әлеуетін ашқан әйел

Ауылдағы кәсіпкерлік бүгінде экономиканың маңызды қозғалтқышына айналып отыр, ал бұл салада әйелдердің белсенділігі ерекше көзге түсуде. Осыған орай Абай облысында «Заманауи әйел: қоғам және отбасы» әйелдер форумы өтті. Басқосуға қатысқан спикерлер – облыстың түкпір-түкпірінен жиналған, ел алдында жүрген арулар. Соның бірі – Ақсуат ауданынан келген, 38 жастағы жеті баланың анасы, «Tattim Aksuat» кулинариясының және «Medina» отбасылық дүкенінің негізін қалаушы Әсел Әсемханқызы. Жиында ол ауылда бизнес жүргізудің нақты үлгісін баяндады.
Әсел ханым ауыл экономикасындағы әйел рөлі туралы айта келе, кәсіпкерлік жолында тоқтаусыз ізденіс пен жаңалықтан қалмау қажеттігін ерекше атады. Оның пікірінше, ауылда табысты кәсіптің формуласы – нарықты сезіну, сапаны сақтау және үздіксіз еңбек. Әйел кәсіпкерлердің артықшылығы жауапкершілік, тиянақтылық және адаммен жұмыс істей білу қабілетінде жатыр.
Әсел ханымның жобалары да осы қасиеттердің көрінісі: қолжетімді сервис, тұрақты сапа және жергілікті тұрғындарға бағытталған қамқорлық. Оның кәсіптері ауыл өмірінің қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жалпы экономикалық белсенділікті көтеруге үлес қосып отыр. Оның айтуынша, кәсібінің арқасында 15 отбасы жұмыспен қамтылған.
Отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру – көп балалы ананың алдында тұрған үлкен міндет. Бірақ Әсел ханым мұны қарама-қарсы дүние деп емес, бір-бірін толықтыратын жүйе деп қабылдайды. «Отбасы бірінші орында, ал кәсіптегі тәртіп пен еңбекті балаға үлгі ету – маңызды міндет. Білмеймін демеймін, білуге тырысамын, үйренемін, ізденемін», – деген көзқарасты ұстанады.
Әсел Әсемханқызының жолы – ауылдағы кәсіпкер әйелдің мүмкіндігі шектеулі емес екенін дәлелдейтін айқын мысал. Табандылық, тәртіп, ізденіс және өз ісіне деген жауапкершілік оның табысының негізіне айналған. Оның тәжірибесі ауыл қыз-келіншектеріне батыл қадам жасап, кәсіпкерлікке келуге ықпал етеді.



