Қазақстанда қала мен ауыл халқы ауыз сумен толық қамтылды

Қазақстанда ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Үкімет мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық қала мен ауыл халқы бүгінгі таңда ауыз суға 100% қол жеткізіп отыр.
Соңғы жылдары сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға республикалық бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 132 миллиард теңге Арнаулы мемлекеттік қордан бағытталды. Нәтижесінде 1,6 мыңнан астам инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, қаржыландыру мәселесі толық шешілді.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесіне қосылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульді су тазарту қондырғылары орнатылды.
Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы ғана сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген болатын. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш толық қамту деңгейіне жетті.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, еліміздегі 90 қала және халқы 7,5 миллионнан асатын 6 087 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Оның ішінде 4 747 ауыл орталық су жүйесіне қосылған, 1 340 елді мекен орталықтандырылмаған жүйелер арқылы қамтылған. Ал шалғай орналасқан 19 ауылға ауыз су арнайы тасымал арқылы жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, сумен жабдықтаудың әртүрлі тәсілдерін қолдану тек қолжетімділікті арттырып қана қоймай, бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған.



