Басты жаңалық

Қазақстанның сыртқы қарызы өсті

Ұлттық банк дерегінше, 2025 жылғы 1 қазанда Қазақстанның сыртқы міндеттемелері 171,4 млрд долларды құрады. Жыл басынан бері қарыз көлемі 7 млрд долларға артқан. Бұл жағдай экономика үшін дабыл ма, әлде инвестициялық белсенділіктің көрінісі ме?

Сыртқы қарыздың өсуіне негізінен төлем балансы операциялары әсер еткен. Қалған өсім валюталық бағам өзгерісі мен активтердің қайта бағалануынан қалыптасқан. Сарапшылар мұны сыртқы шоктың салдары емес, ірі жобалардың қаржылануымен байланыстырады.

Қарыз құрылымында ұзақмерзімді міндеттемелер басым — 150,5 млрд доллар. Қысқа мерзімді қарыз — 21 млрд доллар. Бұл өтімділік тәуекелін төмендетеді, бірақ болашақта пайыздық мөлшерлемелердің өсуі қарызға қызмет көрсету шығындарын арттыруы мүмкін.

Салалық тұрғыда негізгі қарыз мұнай-газ секторына тиесілі — 70,8 млрд доллар. Бұл экономиканың шикізатқа тәуелді екенін көрсетеді. Сонымен қатар қаржы және сақтандыру саласының міндеттемелері 24,2 млрд доллар.

Таза сыртқы қарыз 40,4 млрд долларды құрап, бір жылда 13 пайызға өсті. Бұл валютаға сұранысты күшейтіп, теңгеге қысым түсіруі мүмкін.

Экономистердің айтуынша, басты мәселе — қарыздың көлемі емес, оның қалай пайдаланылып жатқанында. Егер қаржы өндіріс пен экспортты дамытуға жұмсалса — бұл қалыпты жағдай. Ал ағымдағы шығындарды жабуға бағытталса — ұзақмерзімді тәуекелге айналады.

Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы қарызы басқарылатын деңгейде. Алайда экономиканың құрылымдық тәуелділігі алдағы жылдардағы негізгі сын-қатер болып қала береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button