Аймақ басшысы өнер майталманымен кездесті

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Лидия Кәденовамен кездесті. Басқосуда өңірдің мәдени өмірі, театр өнерінің бүгіні мен болашағы, жастар тәрбиесі және рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Семейге арнайы келген өнер майталманы сапар барысында анасы Мәкикүл Бейсембіқызының басына зиярат еткенін айтты. Сонымен қатар өңірдегі театр ұжымымен кездесіп, шығармашылық ортадағы өзгерістермен танысқанын жеткізді.
Кездесу кезінде облыс әкімі өңірде мәдениет пен әдебиетті дамытуға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның ішінде Абайдың 180 жылдығын кең көлемде атап өту, «Абай жолы» кітапханасы жобасы арқылы жергілікті қаламгерлердің кітаптарын шығару және ауыл кітапханаларын жаңғырту жұмыстары бар.
Биыл да бұл бағыттағы бастамалар жалғасын табуда. Атап айтқанда, Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Алаш қайраткерлерінің балаларға арналған аудармалары алғаш рет «Мирас» сериясымен жарық көрмек.
Берік Уәли Лидия Кәденованың ұлттық өнерді дамытудағы еңбегіне жоғары баға беріп, өңірдің мәдени өміріне қатысты ұсыныстары назарға алынатынын айтты.
Кездесу соңында тараптар мәдени байланыстарды нығайту және ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.



