Қоғамдық келісім – ортақ міндет

Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде тіркелген саяси партиялардың жетекшілері және өкілдерімен кездесті. Басқосуда қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, азаматтардың сенімін нығайту және өңірдің өзекті мәселелерін бірлесіп шешу жолдары талқыланды.
Аймақ басшысы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар саяси жүйені жаңғыртуға және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар мен саяси партиялар арасындағы ашық диалог өңірдің тұрақты дамуы үшін маңызды.

– Баршамыздың ортақ мақсатымыз – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, халықтың сенімін нығайту және өңірдің өркендеуіне үлес қосу. Осы бағытта өзара түсіністік пен серіктестік негізінде бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет, – деді Берік Уәли.
Кездесу барысында партия филиалдарының төрағалары мен өкілдері ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экология, білім және мәдениет салаларына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ өңір тұрғындарын алаңдататын бірқатар мәселелер көтерілді.

Облыс әкімі айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бастамаларды жүзеге асыруда саяси партиялармен тығыз ынтымақтастық жалғасатынын атап өтті.



