Басты жаңалық

Иесіз қалған 45 млрд теңге

Қазақстанда жүздеген мың азаматтың зейнетақы жинағы әлі күнге дейін талап етілмей отыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, зейнеткерлік жасқа жеткен 279 мыңнан астам адамның шоттарында шамамен 45 миллиард теңге сақтаулы тұр.

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша талап етілмеген қаражат көлемі 45 млрд теңгеге жеткен. Осыған байланысты БЖЗҚ азаматтарды зейнетақы төлемдерін рәсімдеуді кейінге қалдырмай, уақытылы өтініш беруге шақырды.

Қор мәліметіне сәйкес, талап етілмеген жинақ иелерінің басым бөлігі қайтыс болған азаматтар. Олардың саны – 155 мыңнан астам адам. Бұл қаражаттарды заңнамаға сәйкес мұрагерлері талап ете алады. Сонымен қатар 61 мыңнан астам азамат Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен. Ал 62 мыңнан астам адам зейнеткерлік жасқа жетсе де, төлем рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына әлі жүгінбеген.

БЖЗҚ салымшыларды анықтау және олардың құқықтарын түсіндіру мақсатында жыл сайын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп салыстырып тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар азаматтар анықталып, оларға хабар беріледі.

Биылғы наурыз айынан бастап зейнетақы жүйесінде жаңа тәртіп енгізілді. Енді ерікті зейнетақы жарналары есебінен жинағы бар азаматтар төлем алу үшін арнайы өтініш бермеген жағдайда да қаражат проактивті форматта тағайындалады. Бұл мүмкіндік зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және заңда көзделген өзге де санаттарға қатысты қолданылады.

Зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан төлем алу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгінуі қажет. Осы арқылы олар базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін рәсімдей алады.

Қор сондай-ақ шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтардың да өз жинақтарын алуға құқығы бар екенін еске салды. Ал қайтыс болған салымшылардың қаражаты заңнамаға сәйкес мұрагерлеріне беріледі. Ол үшін мұрагерлер белгіленген тәртіппен нотариусқа жүгініп, мұрагерлік құқық туралы куәлік алуы қажет.

БЖЗҚ азаматтарды өз шоттарындағы қаражаттың жай-күйін бақылап, төлемдерді уақытылы рәсімдеуге шақырады. Өйткені қордағы миллиардтаған теңге өз иелерін әлі де күтіп тұр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button