Семейде жаңа оқушылар сарайы ашылды

Семей қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұл нысан өңірдегі қосымша білім беру жүйесін кеңейтіп, балалардың қабілетін дамытуға бағытталған заманауи орталық ретінде жұмыс істейді.
Ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты. Шара барысында жаңа орталықтың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін жүйелі түрде дамыту екені атап өтілді.

Оқушылар сарайының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл толық аяқталды. Ғимараттың жалпы аумағы 9 800 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 500 баланы қабылдай алады, ал ауысымдық жұмыс арқылы 1 500 оқушыға дейін қамту мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа орталықта бірнеше бағыт бойынша оқу мен дамытуға жағдай жасалған. Спорттық-сауықтыру бағыты аясында үлкен және кіші бассейндер, хореография, жекпе-жек, фитнес және үстел теннисі залдары жұмыс істейді. Көркем-эстетикалық бағытта вокал, аспаптық музыка, дыбыс жазу студиясы, ART және мүсін студиялары, актерлік шеберлік пен сәулет өнеріне арналған кабинеттер қарастырылған.
Ғылыми-техникалық бағытта авиамодельдеу, нейроробототехника, 3D басып шығару және модельдеу, бағдарламалау, видеография, жаратылыстану ғылымдары бойынша зертханалар және астрономиялық обсерватория орналасқан. Гуманитарлық бағытта медиа-орталық пен көптілді лингвистика кабинеттері жұмыс істейді.
Балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында психологиялық қолдау көрсететін сенсорлық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті ашылған. Сонымен қатар интерактивті кітапхана, коворкинг аймағы және өлкетану клубы қызмет көрсетеді.
Мекемеде 70-тен астам қызметкер еңбек етеді. Жаңа оқушылар сарайы Семей қаласының білім беру инфрақұрылымын сапалы деңгейге көтеріп, балалардың қабілетін ашуға және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға мүмкіндік береді



