Білім сапасын күшейту – басты міндет

Жаңасемей ауданындағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір ауданда 17 мектеп жұмыс істейді. Оның бесеуі – толыққанды, қалғандары шағын жинақты білім ордалары. Мектептердің басым бөлігі қазақ тілінде білім береді. Қазіргі таңда 2718 оқушы білім алуда, оларға 537 педагог дәріс береді.
Биыл мектеп инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Приречное ауылындағы мектептің электр желілері толығымен жаңартылды, ал Түрксіб мектебінде терезелер мен есіктер ауыстырылды. Бұған қоса 13 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілді. Оқу кабинеттерін жаңарту да назардан тыс қалмады — пәндерді тереңдетіп оқуға арналған 10 жаңа кабинет орнатылды.
Мектептен тыс білім беру жүйесі де қалыптасып келеді. Жыл басында қосымша білім беру бөлімі құрылып, балалардың қызығушылығын дамытатын үйірмелерді көбейтуге мүмкіндік туды.
Келесі жылы да білім беру нысандарын жаңарту жоспарда бар. Бұлақ, Шүлбі және Знаменка ауылдарындағы мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Бұл шаралар оқушыларға заман талабына сай орта қалыптастыруға бағытталған.



