Әлеумет

Қамқорлыққа – ай сайынғы төлем

Елімізде мүгедектігі бар азаматтарға күтім жасайтын адамдарға мемлекет тарапынан ай сайын төлем тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Министрлік дерегінше, жеке көмекшілер мүгедектігі бар адамдарға медициналық, әлеуметтік және өзге де мекемелерге баруға, үйден шығуға, сондай-ақ күнделікті тұрмыста қажетті көмек көрсетуге жәрдемдеседі. Көмекші абилитация және реабилитацияның жеке бағдарламасына сәйкес тағайындалады.

Қызмет жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен төленеді және азаматпен заңнамаға сай жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекет жеке көмекшілер үшін әлеуметтік аударымдар жүргізеді. Бұл кезең зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеледі.

Егер I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жеке көмекшісі болмаса, оған тұрақты күтім жасайтын адамға жәрдемақы тағайындалады. Бұл төлем Әлеуметтік кодекске сәйкес ай сайын республикалық бюджеттен қарастырылады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін өзгерістерге сәйкес, I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың жұбайы зейнет жасына жетсе де жеке көмекші бола алады.

Министрлік мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне белсенді қатысуына, құқықтарының қорғалуына және өмір сапасын арттыруға бағытталған қолдау тетіктері алдағы уақытта да жетілдірілетінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button